Джуманов С.Ж., Джунуспаев Б.С., Абилов Ф.Б.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Түлкібас ауданы, 161310, Түркістан облысы, Қазақстан

E-mail: samat.reserve@mail

Тұжырым:

Мақала «Ақсу-Жабағылы» қорығы құрылғаннан бастап 2020 жылға дейінгі барыстың кездесуі мен динамикасына арналған. Барыстың кездесулері көбінесе іздері бойынша тіркелген. Мақалада ғылыми қызметкерлердің есептері мен ғылыми еңбектері, мемлекеттік инспекторлардың күнделіктерінен алынған мәліметтері, Табиғат жылнамасы кітаптарында және қорық мұрағатында сақталған жариялымдар алынған.

Кілт сөздер: «Ақсу-Жабағылы» қорығы, барыс, кездесуі, динамикасы.

Мақаланың толық нұсқасын PDF форматында жүктеп алыңыз:

Кіріспе:

барыс (Uncia uncia Schreber) өте азайып бара жатқан мысық тұқымдастарының ішіндегі ең ірілерінің бірі. Дерек көздеріне сүйенсек, Оңтүстік Сібір, Оңтүстік Алтай жотасында, Орта Азияның Тәжікстанның Гиссар Зеравшан жоталарында, Памир жотасында, Батыс Тянь-Шаньда, Қырғыз, Піскем, Өгем жоталарында, Жоңғар, Іле, Талас Алатауларында, Тарбағатай, Сауыр, Азутау, Нарын, Қатын тау жотасында, теңіз деңгейінен 1800-4000 метр тау биіктерінде мекен етеді. Бұл аңдардың осы аталған таулы аймақтарда тас, қола дәуірінен бүгінгі күнге дейін мекен етуін тау тастарға қашап салған суреттерден (петроглиф) көруге болады.

Тастағы суреттерде жыртқыш аңдардың арқар, тау теке, марал, қабан, елік сияқты тұяқты аңдарға шабуыл жасауын және адамдардың аңшылық жасап, азық ету көріністері айқын көрінеді. Ал қазіргі заманда керісінше жан жануарлар дүниесі заң жүзінде реттеліп, жойылып бара жатқан кей-бір аңдар соның ішінде қар барысы да қадағаланып, ерекше қорғалады. Барыс (ілбіс) латынша аталуы (Uncia uncia Schreber) ірі жыртқыш аң, оның дене ұзындығы 100-130 см, құйрығының ұзындығы 90 см. Иық белдеуінің биіктігі 60-65 см, дене бітімі созымды ақшыл сұрғылт түсті ал төс, қарын тұсы ақшыл болады. Тұмсығынан мойнына дейінгі теңбілі бірте-бірте үлкейіп, мойнынан құйрық ұшына дейін 6-7 см-ге дейін үлкейіп, қоңыр сүрғылт сақина тәріздес теңбілдері барысты тас түстес шұбар етіп көрсетеді.

Аяқтары мен кеуде бұлшық еттері және қайратты үшкір тырнақтары жақсы жетілген. Денесіндегі жүндері ұзындау әрі ұлпалы жұмсақ және тығыз болып келеді. Сондықтан олар қыс мезгіліндегі суықтарда өте төзімді болады. Олар жылына екі рет көктемде және күзде түлейді. Салмағы аталығы 45-50 кг, аналығы 30-40 кг болады. Тіршілік ету уақыты 15-20 жыл. Барыс көбінесе жалғыз, кей жағдайларда 4-5 тен, ал аналықтары сол жылы туылған төлдерімен бөлек жүреді. Барыстың күйектену мерзімі ақпан айының басында болып, жүктілік мерзімі 90-100 күнге созылады.

Төлдеу мерзімі мамыр айының орта тұсында 1-2 ден 4-ке дейін екі жылда бір рет төлдейді. Барыс апанын құз шатқалдар арасында өскен шеттіктер ішіндегі тас қуыстарына орналастырады. Барыс күшіктері шілде айынан бастап анасының артынан ілесіп жүре береді. Барыс кекілік, ұлар, суыр сияқты кіші аң-құстарды жаралы етіп, күшіктеріне әкеліп ауыздандырады. Күшіктері 1-1,5 жылға дейін енесімен еріп жүріп, аң аулауды, өз бетінше жемтігін тауып жеуді сол уақыт аралығында үйреніп меңгереді. Барыс көбінесе кешқе және түнде жортып жүріп, белсенді аңшылық жасайды.

Жемтігін аулайтын кезде жер бауырлап барып, 6-7 м қашықтықтан секіріп ұстайды. Қар барысының жылдамдығы мен күші, көру, дыбыс тыңдау, иіс сезу және түнде жорту қабілеті өте жақсы қалыптасқан. Олардың жер ауыстырып жүруі (миграция) тұяқты аңдардың миграциясымен тығыз байланысты. Себебі, барыстың негізгі қорегі тау ешкілер, арқар, елік, қабан, борсық, суыр, ұлар, кекілік болып табылады. Кейде қыс мезгілінің қатаң кездерінде қорек іздеп, төменде тау етегінде орналасқан мал қора маңайындағы үй малдарына шабуыл жасайды. Бірақ бұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.

Әдебиеттер:

Ақсу-Жабағылы қорығының мұрағатындағы «Табиғат жылнамасы» кітабынан алынған (1926 – 2019 жылдар).

Бургело Т. Б. Млекопитающие арчевых биоценозов и сезонные явления в их жизни. 1982.

Ковшарев Е., Вырыпаев В. О снежном барсе в Тянь-Шане. Биологическое разнобразие заподного Тянь-Шаня. Кокшетау 2001.

kkҚазақ тілі