«Қазақстан зоология хабаршысы» журналы — Қазақстан Республикасы «Зоология институтының» мерзімді басылымы ретінде 2020 жылдан бастап шыға бастайды. Бұрын зоолог-ғалымдардың ғылыми еңбектері Зоология институты мен «Тетис» ғылыми қоғамы журналдары «Tethys Entomological Research», «Tethys Ornitological Research», «Tethys Aqua Zoological Research» және «Tethys Biobiversity Research» журналдарында орыс және ағылшын тілдерінде жарияланып келді. Енді осы журналдар біріктіріліп, «Tethys Zoological Research» атауымен ағылшын тіліндегі мақалаларды шығаратын болады. 2002-2008 жылдары құстар жайлы мақалалар «Қазақстан орнитологиялық бюллетені» журналында орыс тілінде, сонымен қатар жылдық журнал «Selevinia» жарияланды. Ал орыс тіліндегі мақалалар «Труды института зоологии РК» журналында шығарылады. «Қазақстан зоология хабаршысы» журналы Институт тарихында алғаш рет мемлекеттік тілде шыққалы отыр, сондықтан бұл басылымның ғылыми ақпараттық жүйеде өз орнын табуына атсалысу әрқайсымыздың міндетіміз.

ҚР Зоология институты — бұл зоология ғылымының әртүрлі салаларында жұмыс жасайтын мамандарды біріктіретін Қазақстандағы осы саланың жетекші ғылыми зерттеу институты және біздің елдегі ежелгі жаратылыстану институттарының бірі.

Институт зерттеу жұмыстарын алғашқыда Қазақстанда 1932 жылы құрылған Бүкілодақтық Ғылым Академиясының бөлімінің бір зертханасы ретінде бастаған, 1943 жылы өз алдына жеке ғылыми институт болып жалғастырды. 1946 жылы елімізде құрылған Ғылым Академиясының құрамында болды. 2003 жылы Білім және Ғылым министрлігінің құзырына берілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында Зоология институты биоалуантүрлілікті зерттеу, республика аумағында мекен ететін жануарлар әлемін сақтау және қорғау саласында тек Қазақстанда ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де мойындалған орасан зор ғылыми жұмыстарды жүзеге асырды.

«Қазақстан зоология хабаршысы» журналы жоғары сапалы түпнұсқа ғылыми еңбектерді шығаратын журналға айнала отырып, Қазақстандағы зоология ғылымының қазіргі зерттеу деңгейін көрсетуге арналады және оның дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз.

Бұл басылымда шығарылатын мақалалар Қазақстан территориясындағы жануарлар туралы нақты ғылыми ақпараттарды қамтиды, демек жануарлар дүниесінің алуантүрлілігін, систематикасы, биологиясы, экологиясы, жануарлар әлемін қорғау мәселелерін зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелер жарияланады.

Бұл журналда ғылыми-зерттеу институттары, жоғарғы оқу орындары, ерекше қорғалатын табиғи қорықтар мен саябақтар, мұражайлар қызметкерлері, өздерінің ғыл ұмыстарының нәтижелерін жариялауға мүмкіндіктері бар.

kkҚазақ тілі