DOI: https://doi.org/10.54944/kzbpn861rx98

ӘОЖ: 599.322:591.5

Есжанов Б.Е., Салмен А.Б.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан

E-mail: b-eszhanov@ mail.ru

Тұжырым:

Мақалада Алматы қаласының жасыл желекті аймақтарында мекендейтін кәдімгі тиіннің (Sciurus vulgarus Linnaeus,1758) экологиясының кейбір мәселелері қарастырылған. Мақала 2005-2006 және 2020-2021 жылдар аралығында жүргізілген бақылауларға негізделген және маршруттық, анкеталық (сұрақ-жауап) әдістерді пайдалану арқылы жүзеге асқан.


Зерттеу жұмысының жаңалығы: Алматы қаласының жасыл аймақтарында алғашқы рет кәдімгі тиіннің территориялар бойынша орналасуы, баспананы пайдалану ерекшеліктері, қоныс аударуы, қорек құрамының ерекшеліктері, сан мөлшерінің ауытқуы жайында жаңа нәтижелер алынған.


Алматы қаласы жағдайында кеміргіштің саны мекендеу ортасында әртүрлі: Мәдениет және демалыс саябағы және оған іргелес жатқан хайуанаттар паркінің территориясында бір сағатта орта есеппен 3 дана (2005-2006 жж-2 дана), 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында – 0.5 (2005-2006 жж-1 дана), ҚазҰУ қалашығында -2.5 (2005-2006 жж-2 дана), оған іргелес Бас Ботаника бағында-3.0 (2005-2006 жж-3 дана), Қазақстанның Бірінші Президенті атындағы саябақта -4.0 және Баум тоғайында бір сағатта орта есеппен бір тиін (2005-2006 жж-0.3 дана) кездескен.


Табиғи ортада тиіннің негізгі баспанасы қылқан жапырақты ағаштардың бұтақтарының арасына салынған ұя (гайно) болса, Алматы қаласы жағдайында есепке алынған 18 ұяның 3-уі (16.7%) түрлі ғимараттардың (Биомузей және Ботаника бағындағы ғимараттардың) шатырының астынан, гайно-2 (11.1%), жасанды үйшік-1 (5.5%), қалғандары (66.7%) – ағаш қуыстарынан табылған.


Урбанизация жағдайында қорек құрамында негізінен қарағайдың бүрі мен жаңғағы (100%), емен жаңғағы (100%), алма және жалпақ жапырақты ағаштардың діңінде өскен қыналар (83.3%), саңырауқұлақтар (27.7%), жемістер (16.6%) болған.


Алматы қаласы жағдайында тиіннің негізгі жауы-сауысқан (Pica pica Linnaeus,1758). Соңғысы ұя үшін және территориясын қорғау мақсатында тиінмен бақталас болып табылады және жастары өз бетінше тіршілік етуге көшкенде бұл құстан өте көп зардап шегеді.

Кілт сөздер: Алматы қаласы, жасыл желек, кәдімгі тиін, сан мөлшері, территориялық

орналасу, баспана, қорек құрамы, негізгі жауы

Мақаланың толық нұсқасын PDF форматында жүктеп алыңыз:

Кіріспе:

Кең-байтақ Қазақстан территориясында омыртқалы жануарлардың 940-тан астам түрі кездеседі. Олар: балықтәрізділер мен балықтардың 156 түрі (Дукравец, Мамилов, Митрофанов [Dukravets, Mamilov, Mitrofanov] 2016), амфибиялар мен рептилиялардың 62 түрі (Дүйсебаева [Duysebayeva] 2013), құстардың 538 түрі ұшып келу-кету кезінде кездесетіні (Рябицев, Ковшарь, Ковшарь, Березовиков [Ryabitsev, Kovshar, Kovshar’, Berezovikov] 2014) және сүтқоректілердің 184 түрінің (Есжанов, Мұсабеков [Yeszhanov, Musabekov] 2020) мекендейтіні анықталған. Ал Алматы қаласының жағдайында омыртқалы жануарлардың 274 түрі бақыланған (Позвоночные животные [Vertebrates] 1988). Бұлардың арасында балықтардың үлесіне 4 отрядтың 17 түрі, амфибиялар мен рептилиялардың 3 отрядына жататын 13 түрі, құстардың 17 отрядқа бірігетін 208 түрі, ал сүтқоректілердің 5 отрядқа жататын 36 түрі тұрақты түрде мекендейді не болмаса жыл маусымдарына байланысты таудың биік белдеулерінен етегіне түседі.

Омыртқалы жануарлардың басқа топтарына тоқталмай-ақ Сүтқоректілер класына жататын Кеміргіштер отрядының Алматы қаласының жасыл аймақтарында 16 түрінің кездесетінін айтсақ та жеткілікті. Осылардың арасында көпшілікке жете таныс, адамдардың көп баратын орындарында кездесетін және эстетикалық тәрбие беруде, жануарлар әлемін қорғау мен сақтау идеяларын түсіндіруге таптырмайтын модель болып табылатын – кәдімгі тиін (Sciurus vulgarus Linnaeus, 1758) десек қателеспейміз.

Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Азияда тиіннің 30-дан аса түрі кездеседі. Біздің елімізде және көршілес мемлекеттердің территорияларында мекендейтін кәдімгі тиіннің биологиясы мен экологиясының көптеген мәселелері жан-жақты зерттелген. Ал елді мекендер жағдайында, әсіресе Алматы қаласында мекендейтін тиіннің, биологиясы мен экологиясы жайында деректер жоқ.

Осы мәселер бойынша алынған кез-келген жаңа деректер кеміргіштің тіршілігі жайында білімімізді артырады. Және қалалық жағдайда бәрінен бұрын эстетикалық маңызға ие бұл кеміргішті қорғап қалу шараларын талдауға да көмектеседі, яғни зерттеу жұмысының ірі теориялық әрі практикалық маңызы да зор деп ойлаймыз.

Кәдімгі тиін бағалы терісі үшін ауланатын аң болғандықтан оның биологиясы мен экологиясын зерттеу көпшілік жағдайда кәсіптік жолмен аулау мөлшерін анықтау үшін үлкен территорияда жүргізіледі. Тиіннің тіршілігін зерттеген ғалымдар көбіне оны ұзындығы 10-15 км болатын маршрутта аңшы итті (лайка – үргіш ит) пайдаланып санақ жұмыстарын ұйымдастырады (Кирис [Kiris] 1973; Русанов [Rusanov] 1966; Гибет [Gibet] 1987). Бұл ұсынылған санақ жұмыстарын зерттеушілердің пікірлері бойынша экологиялық зерттеулерде және тиін мекендейтін кез-келген территорияда жүзеге асыруға болады.

Осы айтылғандармен қатар, әдетте кез-келген бір түрдің қорын анықтауда «салыстырмалы есептеу методы» деп аталатын әдісті де пайдаланады (Формозов [Formozov] 1989). Оның мәні – белгілі-бір маршрутта немесе сол учаскеде басқаларынан сол түрдің ізі қанша есе көп екендігін, мекендеу орнының түрлі типтерінде оның қоныстануында қандай айырмашылықтар бар екенін анықтау болып табылады. Ал тұрғын елді мекендер жағдайында (осындай ұзақ маршруттар болмайтын) санақ жұмыстарын жүргізу жайында ешқандай мәліметтер жоқ. Осыған орай және жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне байланысты санақ жұмыстарын жүргізуді жоғарыда айтылғандарды (Формозов [Formozov] 1989) қалалық жағдайға бейімдедік. Яғни зерттеу жұмысы негізінен 2 түрлі әдіспен жүргізілді. Ол әдістер: 1-маршруттық бақылау және 2-сұрақ-жауап түріндегі анкеталық әдіс.

Әдебиеттер:

Богодяж О.М. 1988. Биология белки (Sciurus vulgaris L.) на европейском Северо-Западе: Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата биологических наук. Москва: Логос. 16 с.

Гибет Л.А. 1987. Влияние антропогенной трансформации лесных угодий на население белки в Европейской части РСФСР: Влияние антропогенной трансформации ландшафта на население наземных позвоночных животных. Москва: Аспект-Пресс. 260 с.

Гибет Л.А. 1987. Методическое указания по учету численности обыкновенной белки с лайкой. Москва. 24 с.

Грачев Ю.А. 1977. Обыкновенная белка. Млекопитающие Казахстана. Алма-Ата. Т.1 часть 2. С. 25-55.

Дукравец Г.М., Мамилов Н.Ш., Митрофанов И.В. 2016. Рыбы Казахстана – аннотированный список, исправленный и дополненный (по состоянию на 31 декабря 2016 г.). Selevinia. Т. 24. С. 47- 71.

Дүйсебаева Т.Н. 2013. Классы Амфибия и Рептилия. Позвоночные животные Казахстана. Алматы: Атамұра. С. 57-80

Есжанов Б., Мұсабеков Қ. 2011. Териология. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір». 264 б.

Есжанов Б., Мұсабеков Қ. 2020. Қазақстан териофаунасының анықтағышы. Алматы: Қазақ университеті. 362 б.

Кельбешеков Б.К. 1990. Значение факторов внешней среды в формировании пространственной структуры популяции у белки: Вопросы охотоведения Сибири. Красноярск: «Мысль». 19 с.

Кенжебаев Ж.К. 1972. Экология белки-телеутки в Северном Тянь-Шане. Автореферат кандидатской диссертации. Алма-Ата. 20 с.

Кирис И.Д. 1973. Белка. Киров: Волго-Вятское книжное издательство. С. 163-235.

Коллектив авторов. 2003. Методы учета основных охотничье-промысловых и редких видов животных Казахстана. Алматы. 203 с.

Кудрявцева Э. 1982. Белки в вольере. Охота и охотничье хозяйство. No6. С. 46.

Позвоночные животные Алма-Аты 1988. (редактор д.б.н. Ковшарь А.Ф.). Алма-Ата: Наука. 24 с.

Русанов Я.С. 1966. Основы промысла белки. Москва. 66 с.

Рябицев В.К., Ковшарь А.Ф., Ковшарь В.А., Березовиков Н.Н. 2014. Полевой определитель птиц Казахстана. Алматы. 512 с.

Седалищев В.Т. 2001. Материалы по экологии соболя Западной Якутии. Рациональное использование ресурсов соболя в России. Красноярск. С. 139-143.

Седалищев В.Т. Динамика численности обыкновенной белки (Sciurus vulgaris Linnaeus, 1758) Центральной Якутии. Биологические ресурсы. Сборник научных трудов. Ч.1. Охотоведение. Киров, 2010. С. 250-252.

Стогов В.И. 1988. Отряд Грызуны. Позвоночные животные Алма-Аты. Алма-Ата: Наука. С. 19- 28.

Формозов А.Н. 1989. Спутник следопыта. Москва: Издательство Московского университета. 320 с.

kkҚазақ тілі