DOI: https://doi.org/10.54944/kzbch829ux78
ӘОЖ: 598.112.11
Есжанов Б.Е., Тұрсынбаева С.Ж.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, әл-Фараби даңғылы, 71, Алматы, 050038,
Қазақстан
E-mail: b-eszhanov@mail.ru
Тұжырым:
Мақалада Қазақстанның шөлді аймақтарында мекендейтін жылтырауық жармасқының (Teratoscincus scincus Schlegel, 1858) Кербұлақ жазығының батысында (Іле провинциясының солтүстігі) орналасқан құмды аймақтардағы сан мөлшерінің ауытқуы баяндалған. Мақала 2007-2019 жылдар аралығында жүргізілген бақылауларға негізделген және түн жануарларына санақ жүргізу әдістерінің бірі — қолшамның жарығын пайдалану арқылы жүзеге асқан. Зерттеу жұмыстары жартылай бекінген (сусымалы құмды учаскелері бар) және бекінген бұйрат құмдарда бір мезгілде, негізінен маусым айының бірінші жартысында тұрақты учаскелерде жүргізілген. Санақ жұмыстары жылтырауық жармасқының сан мөлшері әртүрлі биотоптарда кең көлемде (16,6 есе) ауытқитынын көрсетті. Және бұл көрсеткіштер сусымалы құмы бар учаскелерде (жартылай бекінген бұйрат құм) 1 га-да орташа есеппен алғанда 2,8 — 20,0, ал бекінген құмда – 1,2—11,6 бас болды. Сан мөлшерінің ауытқуына жылдық және маусымдық ауа-райының құбылысы, ірі қара және ұсақ малдардың (қой-ешкі) кейбір жылдары барлық маусымда бұл биотоптарды жайылым ретінде пайдалануы бірінші кезекте тұрған факторлар болып табылады және оны әсемдік нысан ретінде террариумда ұстау үшін көптеп аулануынын жатқызуға да болады. Жылтырауық жармасқының тәуліктік белсенділігі, әсіресе оның інінен шығу уақыты, мамыр-шілде айларында көп өзгеріске ұшырамайды: мамырда іннен шығу уақыты 21 сағ 25 мин, маусымда — 21 сағ 15 мин, шілдеде де — 21 сағ 30 мин. Жылтырауық жармасқыны маңызды биологиялық түрдің бірі ретінде сан мөлшерін ол мекендейтін территорияларда білу үшін тұрақты түрде герпетологиялық зерттеу және популяцияларын сақтап қалу үшін тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындайды.
Кілт сөздер: герпетология, жылтырауық жармасқы, Кербұлақ жазығы, сусымалы құмдар, бекінген құмдар, сан мөлшері, тәуліктік белсенділік.
Мақаланың толық нұсқасын PDF форматында жүктеп алыңыз:
Кіріспе:
Республикамыздың бауырымен жорғалаушылар фаунасы жайындағы арнайы үлкен ғылыми еңбектер өте аз (Параскив, 1956; Брушко, 1995). Деседе, систематик-ғалымдардың соңғы зерттеулері бойынша Қазақстан аумағында герпетофаунаның 2 кластармағына 3 отрядына бірігетін 50 түрі мекендейді (Дуйсебаева, 2010).
Қазақстанда кездесетін герпетофаунаның 58%-ын кесірткетектестер (Sauria) құрайды. Бұлардың кейбіреулерінің саны көп және тіршілікке жарамды барлық биотоптарда кездессе, басқа бір түрлері тек белгілі бір биотоптарда ғана мекендейді. Қазіргі кезде шөлді аудандарда, соның ішінде Қазақстанда, негізгі антропогендік факторлардың біріне жыл бойы құмды биотоптарды тұрақты түрде мал жайылымына пайдалану дәстүрге айналған. Бұл фактордың жабайы жануарлардың псаммофилді түрлеріне теріс әсер ететіні бұрыннан да белгілі. Солардың бірі — әртүрлі құмды биотоптарда тіршілік етуге бейімделген жылтырауық жармасқы. Құмды шөлді жерлерде тіршілік етуге мамандаған бұл жармасқының саны, биологиясы және экологиясы жайында материалдар өте аз, таралу аймағы бойынша бар-жоғы 10-нан аса үлкенді-кішілі мақалалар жарияланған, арнайы зерттеу жұмыстары да кең көлемде жүргізілмеген. Тіпті жылтырауық жармасқының псаммофил екендігі, бірақ қандай типтегі құмдарды мекендейтіні жайында бірдей көзқарас жоқ. Мысалы, жaрмасқылaр Қарақұмда (Шaммaков, Сопыев, Федоровa, 1982), Қызылқұмда жартылай бекінген құмдарда (Шенброт, Куликовa, 1985) және Репетек қорығында керісінше жылжымалы құмдарда (Целлaриус, 1975), Тәжікстaнның оңтүстік-бaтысы мен солтүстігінде (Саид-Алиев, 1979) және Мойынқұм шөлінің оңтүстігінде (Боркин, Ерёмченко, Пaнфилов, 2007) бекінген және жартылай бекінген құмдарда көптеп кездеседі. Осы сияқты біздің зерттеу жұмыстарын жүргізген ауданда бұл жармасқы тек бекінген және жартылай бекінген құмдарда ғана кездесті.
Қазақстан жағдайында бұл жармасқының саны, биологиясы мен экологиясы жайындағы ғылыми зерттеулер тым аз (Параскив, 1956; Брушко, 1995). Соңғы 20 жылдан бері ешқандай мәліметтер жоқ десек қателеспейміз. З.К. Брушконың (Брушко, 1995) еңбегінде бұл жармасқы туралы азды-көпті материалдар берілген. Соның ішінде сан мөлшерінің ауытқуы бойынша мәліметтер бар-жоғы 2-3 территориядан ғана алынған.
Осыған орай бұл бауырымен жорғалаушы жайындағы кез-келген бақылаулар құнды зерттеулер болатыны сөзсіз. Өйткені бұл түр жармасқылар ішіндегі орта жағдайының өзгеруіне өте сезімтал және керемет сүйкімді түн жануары болғандықтан үйлерінде террариумдары бар азаматтар өте күшті қызығушылық танытады және кездесе қалса аулауға тырысады (сурет 1).
Сурет 1 — Жылтырауық жармасқы, 10.06.2018 ж. 21 сағ 40 мин.
Қорыта айтқанда жылтырауық жармасқы жайындағы кез-келген мәліметтердің әрі практикалық әрі теориялық маңызы үлкен деп ойлаймыз.
Әдебиеттер:
Богданов О.П., Утемисов О. Экология сцинкового геккона в низовьях Амударьи // Экология, охрана и акклиматизация позвоночных в Узбекистане. –Ташкент: Фaн, 1986. –С.20-26.
Боркин Л.Я., Ерёмченко В.К., Пaнфилов A.М Об экологии сцинкового гекконa (Teratoscincus scincus) // Современнaя герпетология. 2007. – Том 7, вып. 1/2. – С. 16 – 56.
Брушко З.К. Ящерицы пустынь Казахстана. – Алматы: Қонжық, 1995. – 231 с.
Дуйсебаева Т.Н. Краткий обзор последних изменений в систематическом списке амфибий и рептилий Казахстана // Герпетологические исследования в Казахстане и сопредельных странах. – Алматы: АСБК-СОПК, 2010. – С. 37-52.
Ишунин Г.И. Гибель пресмыкaющихся от хищников в Узбекистaне // Герпетология Средней Aзии / Под ред. Я.Х. Турaкуловa. – Тaшкент: Фaн, 1968. – C. 51–60.
Көбегенова С.С., Есжанов Б., Классовская Е.В. Қазақстан амфибиялары мен рептилиялары (анықтауыш). – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 120 б.
Нуртазин С.Т., Есжанов Б.Е., Кобегенова С.С., Жаркова И.М., Хамитов А.Ж. Общая характеристика фауны наземных позвоночных нижнего течения р. Иле //Сохранение биоразнообразия и устойчивое использования водно-болотных угодий: Сборник материалов международной научно- практической конференции, 11-13 мая 2011. –Алматы-Астана, 2011. – С.127-136.
Параскив К.П. Пресмыкающиеся Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1956. – 228 с.
Саид-Алиев С.А. Земноводные и пресмыкающиеся Таджикистана. – Душанбе: Дониш, 1979. -146 с.
Целлaриус A.Ю. Фaунa, биотопическое рaзмещение и численность пресмыкaющихся Репетекского зaповедникa // Изв. AН ТССР. – Сер. биол. нaук.,1975. – № 6. – С. 42 – 47.
Чирикова М.А., Зима Ю.А. Методические указания по изучению земноводных и пресмыкающихся. – Алматы, 2007. -19 с.
Шaммaков С., Сопыев О.С., Федоровa Н.М. Экология сцинкового гекконa в Кaрaкумaх // Изв. AН ТССР. – Сер. биол. нaук, 1982. – № 3. – С. 36 – 42.
Шаммаков С. Пресмыкающиеся равнинного Туркменистана. – Ашхабад: Ылым, 1981. – 331 с.
Шенброт Г.И., Куликовa Г.С. О рaспрострaнении и численности рептилий в пустынях югa Бухaрской облaсти // Вестн. зоологии., 1985. – №. 1. – С. 46 – 49.
Щербaк Н.Н., Голубев М.Н. Гекконы фaуны СССР и сопредельных стрaн. Определитель. -Киев: Нaуково думкa, 1986. -232 с.
Ядгаров Т.Я. Суточная активность геккона (Teratoscincus scincus Schlegel,1858 ) и его отношение к температуре // Экология, 1986. – №4. – С. 88-91.