Назымбетова Г.Ш. Тлеубердина П.А.

ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК, Шевченко көшесі, 28 үй, 050010,

Алматы қаласы, Қазақстан E-mail: g.nazymbetova@mail.ru

Қожамқұлова Балдырған Сералықызы

Алматы қаласының орталығында орналасқан ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасының» табиғат музейіне келген адамнын көзіне ерекше түсетін экспонат – мамонт қаңқасы. Оны 1957 жылы Зоология институтының 3 курс аспираты, қазіргі таңда әлемге белгілі палентолог ғалым, қазақтың тұңғыш палеонтолог қызы Қожамкулова Балдырған Сералықызының қазып алып келгендігін, экскурсия барысында білген музей қонақтары қазақ қызының еңбегіне тәнті болады.


2020 жылы қазақ ғалымы, палеозоология ғылымының алғашқы көшбасшыларының бірі Балдырған Сералықызы Қожамқұлова 90 жасқа толар еді. Студент кезінен бастап, оның бүкіл шығармашылық өмірі ғылыми зерттеулермен байланысты болды.


Б.С.Қожамқұлова 1930 жылы 30 наурызда Алматы қаласында Қазақтың қара шаңырағы саналатын Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының іргесін қалаушылардың бірі болған, қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан КСРО мен Қазақстанның танымал халық әртісі, КСРО Социалистік Еңбек Ері Сералы Қожамқұловтың отбасында дүниеге келді. Анасы Хадиша театрда актрисалық қызмет атқарған. Балдырған Сералықызы отбасындағы жеті баланың үлкені.

Балаларының маман музыкант болуын қалаған әке, барлығын қосымша музыка мектебіне берген, Балдырған Сералықызы пианино бойынша білім алған.

Балдырғанның музыкалық дарынынан ата-ананың үміті мол еді. Әйтсе де табиғатқа деген сүйспеншілік бала кезден ерекше болса керек, өнер жолын емес биология мамандығын таңдаған Балдырған Сералықызы 1949-1954 жылдары С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факултетінде білім алды. 1954-1957 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институтының аспиранты болды. Алғашқы ұстазы Қазақстанда палеозоология ғалымын зерттеушілердің бірі В.С.Бажановтын жетекшілігімен ежелгі заманда тіршілік еткен, қазір тасқа айналған жануарлардың сүйектерін зерттеген.

Осы жерде бір қызық фактіні алға тартқым келеді.

Балдырған Сералықызы ежелгі жануарлардың сүйектерін зерттеуге маманданған кезде, әкесі Сералы академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтан бұл қандай мамандық екенін сұрап, қазақтар мұндай жұмысты ешқашан таңдамағанын айтқан екен. Қаныш Имантайұлы ол кісіге Балдырған – ерекше тұлға, бұл өте қажет мамандық және оны мақтан тұту керек деп сендірген екен. Қаныш Имантайұлының айтқаны келді.

Жүргізген зерттеулердің нәтижесінде 1964 жылы «Қазақстанның антропогендік қазба териофаунасына шолу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

1964-1986 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында палеобиология зертханасын басқарды. Жалпы, оның басшылығымен Қазақстанның палеонтологиялық ғылымы үшін 60-шы және 90-шы жылдар палеонтологиялық зерттеулердің қалыптасуы мен дамуы, зертханалық жетістіктердің геологиялық қызмет тәжірибесінде кеңінен қолдану кезеңі болды. 1966- 1986 жылдары Б.С. Кожамкулова – зертхананың бес жылдық іргелі ғылыми жобаларының ғылыми жетекшісі болды. Ол республикалық және одақтық деңгейде, сондай-ақ халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық туралы келісімдер бойынша кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындауға өз үлесін қосты.

Балдырған Сералықызы Қазақстанның соңғы кайнозойындағы омыртқалылардың таксономиялық биоалуантүрлілігін, палеофауна, палеозоогеография салаларындағы зерттеулерімен қазіргі омыртқалы жануарлар дүниесінің қалыптасу тарихына және Қазақстанның плейстоцендік шөгінділерінің биостратиграфиясына анықтауға үлкен үлес қосты.

Балдырған Сералықызының 170-тен астам ғылыми еңбектері жарық көрді, олардың ішінде: «Қазақстанның антропогендік қазба териофаунасы» (1969), «Қазақстанның соңғы кайнозой тұяқтылары» (1981), «Қазақстанның қазып алынған жануарлары» (1984). «Қазақстанның кайнозой сүтқоректілері каталогының» бірлескен авторы (1989). Оның редакциясымен «Қазақстанның фаунасы мен флорасы тарихы» сериясынан V-X томдық зертханалық жұмыстары, «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы неогендік фауна» монографиясы және «Қазақстан палеоботаникасының жаңалықтары» жинағы жарық көрді. Балдырған Сералықызының қазақстандық палеозоологтардың ғылыми еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштерінің үш санын жариялады (1976, 1996, 1999); В.С. Бажановпен бірлесіп жарияланған «Геологиялық жұмыстар кезінде қазбалы омыртқалылар мен жоғары өсімдіктердің қалдықтарын жинауға арналған нұсқаулық». Соңғы жылдары шығарған кітаптары: «Қазақстан динозаврлары: құрлық, ұшатын және теңіз» (1999); «Ақмола облысының мамонт фаунасы» (2009), «Қазақстан фенерозойының қазба омыртқалыларының табылған орындары» анықтамалық кітабының авторы болып табылады.

Оның Қазақстандағы палеонтологиялық зерттеулерді танымал етудегі еңбегі бір бөлек, оған дәлел газеттер мен журналдардағы 45-тен астам мақалалардың жарык көруі.

Қазақстанда Балдырған Сералықызының қосқан үлесі арқасында үш палеонтологиялық қорық бекітілді: Павлодар маңындағы Ертіс өзені жағасындағы гиппарион фаунасының қалдықтары бар «Қаздар өткелі», Ақсу-Жабағылы қорығы аумағындағы Қаратау тауларындағы юра фаунасы мен флорасының қалдықтары бар «Әулие», Түркістан облысындағы Ерте плейстоцен ірі сүтқоректілердің фауна кешені «Қошқорған».

Балдырған Сералықызы бірқатар палеонтологиялық қазба орындарын ашқан, солардың бірі Батыс Сібірде мамонттардың қаңқалық қалдықтары бар Қасқыр жалы (Вольчая грива). Қасқыр жалы (Вольчая грива) қазба орнының ашылуына қатысты фактіні алға тартқым келеді.

1957 жылы мамырда Мәскеуден Қазақстанның Зоология институтына Новосибир облысы Қасқыр жалы аулына палеонтолог – ғалымдарды жіберуді өтінген жеделхаты келеді. Қасқыр жалы аулында жергілікті құрылысшылар шұңқыр қазып, бір жарым метр тереңдіктен ежелгі жануардың сүйектерін тапқан. Олар өз нәтижелерін геолог мамандарға көрсеткен. Мамандар өз кезегінде ежелгі құстардың сүйектері деген шешімге келіп Мәскеуге хабар жіберген. Бірақ палеонтологтардың бәрі экспедицияға кеткендіктен Қазақстанға жүгінуге шешім қабылданған. Бұл кезде біздің барлық палеонтологтар да қазба орнында болды. Сондықтан билік үшінші курс аспиранты Балдырған Сералықызын іссапарға жібереді. Қасқыр жалы аулына келіп, ол жер қыртысын зерттеп, бұл құстың сүйектері емес, мамонт тістерінің тамыры екенін түсінеді. Жалғыз өзіне қазба жұмыстарын жүргізу қиындық тудыратын болғандықтан Ауылдық кеңесінен көмекшілер беруін өтінеді. Көмекшілер ретінде тоғызыншы сыныптың екі баласын береді, олар бір айда үш тонна сүйек материалдарын жер бетіне шығарады. Жұмыс барысында бұл мамонттардың: аталығы, аналығы және екі мамонттың баласының сүйек қалдықтары екені белгілі болған. Олардың ішінде ересек мамонттың қаңқасы толық болып шықан. Бұл сүйек қалдықтарын Алматыға жеткізу Балдырған Сералықызына оңайға соқпады. Пойызға жүктелген кезде темір жол қызметкерлері санитарлық- эпидемиологиялық станциядан анықтама талап ете бастайды. Бұл кезде Балдырған Сералықызы қатты ренжіді, бұл сүйектер топырақта мыңдаған жылдар бойында жерде жатқандығын дәлелдеуге тырысады, жерден шығарылғаннан кейін оларды спиртпен тазалағанын, өйткені бұл технологияға сәйкес болуы керектігін, бір сөзбен айтқанда, оларда барлық жолаушыларды біріктіргенге қарағанда инфекция аз екендін айтып көндірген. Нәтижесінде ересек мамонттың толық қаңқасы Алматы музейіне қойылды.

1959-1996 жылдары Бүкілодақтық палеонтологиялық қоғамның толық мүшесі болды.

«КСРО Мамонттар мен мамонт фаунасын зерттеу комитеті бюросының» толық мүшесі, Қазақстан облыстық ведомствоаралық стратиграфиялық комиссияның, Бүкілодақтық палеонтологиялық қоғамның, Бүкілодақтық териологиялық қоғамның және Мәскеу табиғатты зерттеушілер қоғамының мүшесі. 1974-1984 жж – No41 «Неоген / кварталдық шекара» ЮНЕСКО- ның Халықаралық геологиялық корреляциялық бағдарламасының ((МПГК); ЮНЕСКО-ның No 24 «Солтүстік жарты шардың төрттік мұздықтары» жобасының; «Геосфера мен биосферадағы ғаламдық өзгерістер аясында кайнозойлық Урал алдындағы геологиялық оқиғалар»; «Ураль алдындағы плейстоценнің стратиграфиялық схемасын тексеру және егжей-тегжейлі нақтылау және оның магнитостратиграфиясы (Прикаспийден Печораға дейін, 1981-1985)» жобалар жетекшісі, сонымен бірге «Башқұрт АССР-інде сүтқоректілердің қалдықтарының табылуын жүйелеу» секциясының ғылыми жетекшісі болды.

1974 жылдан 1989 жылға дейін Б.С. Қожамқұлованың жұмыстары КСРО БФАН Геология институтының кайнозойлық стратиграфия зертханасының есептерінде қолданылған. Ол Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институты мен Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі жанындағы диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңестің мүшесі болды.

2002 жылдан ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының құрметті оқырманы. Оның жетекшілігімен дипломдық және кандидаттық диссертациялар қорғалып, Ресейден, Бурятиядан, Башкириядан және Орталық Азиядан төрттік фаунаның жас мамандары, сондай-ақ Қазақстан мен Башқұртстанның аймақтық музейлерінің зерттеушілері оқытылды. 1964 жылдан 1988 жылға дейін ол «Қазақстан фаунасы», «Жануарлар мен өсімдік организмдерінің тарихи даму жолдары мен заңдылықтары» – КСРО ҒА, Мәскеу, «Орта Азия мен Қазақстанның таулы аумақтарын кешенді зерттеу және игеру», Мамонт фаунасын зерттеу комитетінің бюро мүшесі – КСРО ҒА, Ленинград мәселелері бойынша ғылыми кеңестердің мүшесі болды.

Балдырған Сералықызы – халықаралық конгрестерде, коллоквиумдарда, симпозиумдарда, республикалық және одақтық конференцияларда (Брн0;Хельсинки, Рим, Мәскеу, Ленинград, Тбилиси, Киев, Кишинев, Одесса, Душанбе, Красноярск, Алма-Ата, Түркістан және т.б.) бірнеше рет қатысқан. 1990-1996 жж. – Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің палеонтология секторының ғылыми кеңесшісі болған.

Балдырған Сералықызы Қазақстандағы барлық музейлерге қордағы және экспозициядағы ежелгі жануарлардың қазба қалдықтарын қалпына келтіруге, анықтауға және палеозоологиялық зерттеулердің әдістемесін меңгеруде үлкен көмек көрсетті.

Балдырған Сералықызы «Ғылым ордасы» РМК табиғат музейінің экспозицияларының құрылуына үлкен үлес қосты. Атап айтсақ, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы алғашқы далалық зерттеулерінің нәтижесінде Батыс Қазақстаннан алып келген юралық плиозаврдың қаңқалары, сонымен қатар музейдің айрықша белгісі болған Батыс Сібірдің оңтүстік-батыс бөлігінен табылған толық мамонт қаңқасы, ежелгі мүйізтұмсық эласмотерий, қазылған жылқылар, бизондар, түйелер сонымен қатар өзінің зерттеу материалдары болған ежелгі омыртқалылардың басқа түрлерінің сүйектері.

Балдырған Сералықызы палеонтология мен еліміздің тарихын дамытуға орасан зор үлес қосты. Оның жұмыстары бұрынғы КСРО республикаларында да, одан тысқары жерлерде де кеңінен танымал, Еуразияның соңғы кайнозойының аймақтық және аймақаралық стратиграфиялық сызбаларын құруға негіз болды. Оның еңбектері Қазақстанның палеонтология мен стратиграфия ғылымында мәңгі сұранысқа ие және оны ізбасарларын одан әрі зерттеуде қолданылады.

Ғылым саласындағы табысты, жемісті жұмысы үшін ол Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Зоология институтының және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына арналған медалімен (1941-1945) марапатталған.

Өмірінің соңғы күндеріне дейін ол ғылыммен қоштасқан жоқ, Зоология институтына, табиғат музейіне келіп кеңес беретін. 2014 жылдың 14 қаңтарында 84 жасқа қараған шағында Казақтың тұңғыш палеонтолог қызы Балдырған Сераліқызы мәңгілік ұйқы құшағына енді.

Балдырған Сералықызы – үлкен классикалық ғалым, палеонтолог және адал, ақкөңіл және әрдайым мейірімді адам ретінде жадымызда қалды. Ол өмірді, табиғатты, отбасын сүйетін, бізді әзілдермен жиі қолдайтын және кез келген өтініштерімізге жауап беретін. Біз одан көп білім алдық және оның кез-келген қиын жағдайда кеңестер беретініне, қолдайтынына әрдайым сенімді болдық. Балдырған Сералықызымен жұмыс істеген біздің барлығымызға өмірдің берген сәттілігі.

kkҚазақ тілі